Ұрық қалай дамиды
Жүктіліктің 25 аптасына қарай баланың салмағы 700 грамм, денесінің ұзындығы – 32 см, басының диаметрі - 62,3 мм, ал іші – 64,2 мм, кеуде қуысы – 63,1 мм құрайды. Ішкі органдары дами береді, ал бала күш жинап өсуін жалғастырады. Терісі өзгереді – ол тегістеліп, ашық түсті бола бастайды. Ақырындап жинала беретін тері астының майлары денесін жұмырландыра түседі. Бет кескіндері қалыптасқан, ал құлақ қалқандары әлі жұмсақ әрі жұқа.
Бұрын бауыр мен көбауыр арқылы қамтамасыз етілетін қантүзілімін енді бас миы толығымен өзіне алады. Сүйектері мығым болып, иілгіш және тегіс бола бастайды, олардың ішіне кальций толады. Ер балалардың жыныс органдары дамыған, жыныс бездері төмен қарай түседі, қыздардың аналық бездері қалыптасып қойған. Өкпеде сурфактанттың жиналуы жалғаса береді, олар альвеолдардың жабысып қалуына кедергі болады және бала туылған соң оның өкпесінің ашылуына көмектеседі. Бұл сатыда баланың жүрегі толық қалыптасып, өз қызметін атқаруда – қанды айдап оның бүкіл ағза арқылы қантамырлар мен тамырлардың бойымен ағуына септігін тигізеді. Баланың жүрек соғысы минутына 140-150 жетеді.
Әйелдің сезімдері
Жатыр үлкеюін жалғастыруда, ол аптасына 1 см үлкейіп іш домалана бастайды. Жатырдың түбі кіндіктен 4-5 см және шат сүйегінен 25-27 см жоғарылайды. Әйел адам белінің ауырғанын сезеді, ал жүріп келген соң немесе үй шаруаларынан кейін аяғының ауырғанына шағымданады. Қалыңдығы 27 мм құрайтын бала жолдасы көлемі жағынан үлкейіп, ақырындап жатыр түбіне қарай жақындай бастайды.
Несеп қуысына қатты қысым түскені байқалады – дәретханаға жиі баратын боласыз. Ісіктер, аяқтардың ауыруы, сонымен қатар тамырлардың варикозды кеңеюі орын алады. Бұл патологиялардың дамуының алдын алу үшін салмақтың өсуін қадағалау, арнайы компрессионды киімдер кию, аяқтарға су себелеу керек, демалу кезінде аяқтарыңызды кішкене көтеріп жатқан дұрыс. Сонымен бірге кей әйелдерде сыртқы жыныс органдарының кеңеюі болады, гемморой және жиі іштің қатуы орын алады. Іш қатуының алдын алу үшін жасұныққа бай өнімдерді тұтынып, қажетті мөлшерде су ішіңіз. Қан ұюы болмас үшін қан тұтқырлығын азайтып, сонымен бірге С дәруменінің көмегімен қантамырлардың қабырғасын нығайту қажет.
Басты мәселе – бала қозғалысының саны. Болашақ ана қозғалысын есебін жүргізіп, оны әйелдер кеңесінде беретін арнайы формаға толтырып отыруы керек. Жүктіліктің 25 аптасында әйелдердің кеудесі домалақтанып, олардың ұшынан сарылау жағындылар (молозиво) бөлінеді. Бұл ағза емшекпен емізуге дайындықты бастады дегенді білдіреді.
Кей кездері болашақ аналарда ауыр мәселелер пайда болады:
- уақытынан бұрын босану;
- жатыр мойнының қысқа болуы;
- бала жолдасының төмен орналасуы;
- судың аз болуы;
- бала жолдасының жатырды жауып қалуы.
Көптеген әйелдерде кездесетін тағы бір мәселе - бұл темір тапшылығынан болатын қан аздық. Бұл бір сөзбен айтқанда ағза ұлпаларын оттегімен қамтамасыз ететін гемоголобиннің төмендеп кетуі. Қан аздық бастың айналуымен, әлсіздікпен, ұйқыға тартумен, жүрек соғысының жиілеуімен байқалады. Мұндай жағдайда құрамында темірі көп өнімдерді тұтыну керек, ал жағдайыңыз жақсы жаққа қарай өзгермесе, болашақ ана дәрілік ем қабылдауы қажет.
Жыныс жолдарынан бөлінетін жағындылар
Жүктілік кезінде жыныс жолдарынан бөлінетін жағындылар – бұл қалыпты нәрсе. Егер олар ашық-сұр немесе сүт түсті, кішкене қышқылтым иісті болса, еш уайымдаудың қажеті жоқ. Егер іріткі секілді, қатты қышқыл иісті жағындылар қатты келіп жатса, кандидоздың пайда болғанын білдіреді. Кандидоз кезінде жағындылардан бөлек әйел адамда сыртқы жыныс органдары аймағында қатты қышу мен күйдіру сезімдері болады, олар дәретке отырғаннан кейін немесе гигиеналық жағдайлар көп уақыт сақталмаса, қатты білінеді. Кандидоздың пайда болу себептері иммунитеттің физиологиялық тұрғыда төмендеуінен орын алады. Оны емдеу қажет, себебі босану жолдары арқылы өткенде ол балаға жұғуы әбден мүмкін.
Кейбір жағдайларда ашыған сүт өнімдерін көп ішіп, диета ұстау жүкті әйелдің жағдайын жақсартуы мүмкін. Кандидозды емдеудің тағыда көптеген түрлері бар. Мысалы, шиацу табынушылары ұйыған сүтті сырттай қолданады. Қандай жағдайда да кандидозды емдеуді бастағанда гинеколопен кеңесу қажет.
Қанды не сулы жағындылар байқалса, олар іштің ауыруымен және жағдайыңыздың нашарлауымен қатар жүрсе, бірден дабыл қағу керек. Мұндай жағдайда тез арада медициналық көмекке жүгінген абзал.
Жүктіліктің 25 аптасында қағанақ суының тамшылауы мүмкін – бұл жүктілікті тоқтату немесе бала жолдасының ажырап кеткендігінің белгісі. Су аз мөлшермен тамшылауы немесе бірден ағып кетуі мүмкін, ол толғақпен және босану әрекетінің басталуымен қатар жүруі де ықтимал. Қағанақ суының тамшылауы жатыр мойны ашылып тұрғанда да байқалады, бұл кезде қынапта өмір сүретін микроағзалардан ұрық қабатының дұрыс қорғанбауы нәтижесінде балаға инфекция кіріп кету қаупін тудырады. Қағанақ суы аға бастағанда тез арада дәрігерге тексеріліңіз.
Қалай дұрыс тамақтану керек
Тамақ үлесі өсімдік және жануарлар өнімдерінен тұратын пайдалы, теңдестірілген болуы шарт. Жүктіліктің 25 аптасында әйел үнемі аш секілді жүреді, сондықтан үнемі өзіңізбен жейтін бірдеңе ала жүріңіз.
Сонымен бірге тамақ үлесіне құрамында ақуыздар, фолий қышқылы, дәрумендер мен микроэлементтер бар өнімдер кіруі қажет. Күнделікті ішетін таза судың мөлшері 1,5 литрден аз болмағаны дұрыс. АІЖ мәселелері туындамас үшін, қуырылған, тұзды, ащы және майлы тамақтардан, ГМО-өнімдерінен, алкоголь мен кофеден бас тартыңыз. Тәтті мен нан өнімдерін жеуде шектен шықпаңыз. Жиі және аздаған мөлшермен тамақтанғаныңыз абзал.
Қан аздығының алдын алу үшін тамақ үлесіңізге сұлы және қарақұмық ботқасын, қызылша, қара өрік, анар, субөнімдер, жаңғақтар және кептірілген жемістер қосқаныңыз дұрыс болады.
УДЗ не көрсетеді
Ультрадыбыстық зерттеу көмегімен қалыптасып біткен бет кескінін көре аласыз. 25 аптада баланың жынысын, сонымен бірге орналасуын біле аласыз. Дәрігер баланың даму сатыларын, бала жолдасының дұрыстығын және қағанақ суының жағдайын көрсететін көлемдерді өлшейді. Сүйектері мен бұлшықеттер де күш жинауда. Енді бала аяқтарын ұстау үшін еңкейе алады.